2023 жылғы 2-5 желтоқсан күндері аралығында Баку қаласында Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы мәдениет күндері өтеді.
Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы мәдениет күндерінің іс-шаралар жоспарына сәйкес:
2 желтоқсан күні сағат 19:00-де Мугам халықаралық орталығында «Hassak» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің жеке концерті өтеді («Hassak» фольклорлы-этнографиялық ансамблі қазақ дәстүрлі музыкасының алғашқы жанрларын қазіргі заман талабына сай етіп өндеп, дәстүрлі өнерді ұлттық аспаптармен кеңінен насихаттап жүрген танымал ұжым. Негізгі аспаптары — домбыра, сыбызғы, жетіген, ұрмалы аспаптар және қылқобыз. Одан бөлек 20 шақты аспап бар, ал жалпы 30 жуық аспап түрлерін меңгерген).
3 желтоқсан күні сағат 18:00-де Әзербайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театрында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Қарагөз» қойылымы көрермен назарына ұсынылады («Қарагөз» — жазушы Мұхтар Әуезовтің 1926 жылы жазған трагедиясы. Қойылым режиссеры — «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали. Хореограф Шырын Мұстафина. Композитор — Олжас Жақыпбек, ал саунд-дизайнер — Рахат Төрежан).
4 желтоқсан күні сағат 17:30-да Гейдар Алиев орталығының көп бейімді залында Қазақстанның бейнелеу өнері көрмесінің ашылу салтанаты жоспарланған (көрменің мақсаты — көркем кескіндеме, мүсіндеме, графика, сән және қолданбалы өнер салаларын қамтитын, ұлттық дүниетанымға негізделген көркем өнерді наихаттау, дәріптеу).
Көрме қазақ өнерінің және мәдениетінің жаңа көрінісін және әлемдік бейнелеу өнері тұрғысындағы олардың кең түсінігін ұсынады.
Аталған көрмеде жанры және стилі сан алуан суретшілер буынының айрықша 46 туындысы қойылады. Отандық тоғыз бірдей автордың кескіндеме, графика, кестеленген картина, сәндік-қолданбалы өнер сияқты дәстүрлі бейнелеу өнер түрлерімен қатар, инсталляция, сомдау сияқты жаңа түрлері де өнерсүйер қауымға кеңінен таныстырылады.
Қазақстан тарапынан көрмеге қойылатын картина авторлары: Сатаев Нұрлан, Мусиреп Сырым, Асел Сабыржанқызы, Кабикожаева Алия, Чутитаева Зарина, Сұлтан Айдосұлы, Елдос Азаматұлы, Алия Ореқызы, Бейбіт Асемқұл.
4 желтоқсан күні сағат 19:00-де Гейдар Алиев орталығында Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті өтеді. Гала-концертке Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, «Құрмет» орденінің иегері Зарина Алтынбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Алишер Каримов, Медет Чотабаев, Айгерим Бекетаева т.б. өнер жұлдыздары және «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, «IL Canto», «Violas», «T&Y», «Ұлытау», «Кешью» топтары, «Сазген сазы» ансамблі және «Фикрет Амиров атындағы Әзербайжан мемлекеттік ән және би ансамблі» қатысады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 27 тамызда орнатылды. Екі ел арасындағы қарым-қатынас негізінде және халықаралық ұйымдар шеңберінде, мәдени және қоғамдық қатынастарды жақсарту мақатында көптеген жобалар іске асырылуда.
Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстардың тамыры тереңде жатыр. Екі ел арасындағы мәдениет күндерін өткізу бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістікті нығайтуға, екіжақты қарым-қатынастың дамуына септігін тигізері сөзсіз. Іс-шара екі елдің арасындағы мәдени байланыстардың одан әрі дамуына серпін беріп, қазақстандықтардың әзірбайжан мәдениетіне деген аса үлкен қызығушылығын оятары сөзсіз.
Танымалды
-
24-27 қыркүйек күндері аралығында Астана қаласында Қазақстан Республикасындағы Әзербайжан Республикасының Мәдениет күндері өтеді
-
Елордада Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтті
-
«The Voice» Халықаралық имидждік жобасының үшінші кезеңі өтеді
-
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екі ел өнерпаздарының Гала-концертін тамашалады
-
«Анев-2024 – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылуы өтеді