«Анев-2024 – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылуы өтеді


​Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің Мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесінің XXXIX отырысының шешімі негізінде 2024 жыл Түркі әлемінің мәдени астанасы Түрікменстанның Анев қаласы болып бекітілді.

​Осыған орай, 2024 жылғы 26-27 наурыз күндері аралығында Анев қаласында «Анев-2024 – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылуы өтеді.

Түркі әлемінің мәдени астанасын таңдау – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының  2010 жылы Ыстамбұлда өткен Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының X саммитінде ұсынған бастамасына сәйкес жүргізіледі. Қаланы түркі халықтарының мәдени орталығы етіп сайлау сол өңірдің дамуына, мәдени мұрасына назар аударуға және туристік әлеуетті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. 

​«Анев-2024 – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы тарапынан дәстүрлі әнші,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова қатысады.

Айта кетейік, 2012 жылы Қазақстанның Астана қаласы – ең алғашқы мәдени астана болған еді. Бұл атақ түрлі кезеңдерде Эскишехир (Түркия, 2013), Қазан (Татарстан, РФ, 2014), Мары (Түрікменстан, 2015), Шеки (Әзербайжан, 2016), Түркістан (Қазақстан, 2017), Кастамону (Түркия, 2018), Ош (Қырғызстан, 2019), Хива (Өзбекстан, 2021), Бурса (Түркия, 2022), Шуша (Әзербайжан, 2023) қалаларына берілді.

2023 жылғы 10 желтоқсанда «Шуша – Түркі әлемінің мәдени астанасы – 2023» жылының жабылу салтанатында Түркіменстандағы Тарихи Анев қаласы «Түркі әлемінің мәдени астанасы – 2024» болып жарияланды және «Түркі әлемінің мәдени астанасы» миссиясын қабылдаған түркі әлеміндегі 12-ші қала болды.