Семей қаласында «Әуезов әлемі» атты салтанатты кеш өтеді

2022 жылғы 27 сәуірде сағат 18:00-де Семей қаласында Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған «Әуезов әлемі» атты салтанатты кеш өтеді.

Шараның мақсаты – кешегіні келешекпен байланыстыра отырып, қаламгер мен бүгін ұрпақ арасындағы әдеби-рухани байланысты нығайту және Әуезовтың өмір жолы мен шығармашылығын, ғасырларға сын бермес мұраларын насихаттау.

Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткелі жатқан салтанатты кешке жазушының мұраларын зерттеп кешегі күннен сыр шерткен Қазақстан ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысады.

Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Сарина, Ерлан Рысқали, Еркін Шүкманов, мәдениет саласының үздігі Сәулежан Тақзия, халықаралық конкурстардың лауреаттары Нұржан Жанпейісов пен Әйгерім Тоқтыбаева, «Бибігүл» атындағы халық аспаптары оркестрі, «Дала Үні» капелласы және Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры актерлері өнер көрсетеді.

Ұлттың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы – барша қазаққа ортақ. Себебі, Әуезов төл әдебиетіміздің құдіретімен қазақ есімін шартарапқа паш етті. Жазушы бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясымен әлемдік әдебиетте ойып тұрып орын алды. Сан салада қалам тербеген сөз зергерінің Алашқа сіңірген еңбегі де ерен.

Айта кетейік, заңғар жазушының мерейтойын атап өту жөніндегі жалпы республикалық жоспарға сәйкес биыл 4 бағыт бойынша 82 іс-шара ұйымдастырылады. Одан бөлек өңірлік деңгейде жоспардан тыс 500-ден аса мерекелік шара өткізу жоспарланып отыр.

Құрметті Семей қаласының тұрғындары!

Қарымды қаламгер, дарынды драматург Мұхтар Әуезовтің әлемінен сыр шертетін әдеби шығармашылық кештің куәсі болуға асығыңыздар!

Келіңіздер, көріңіздер, рухани демалып қайтыңыздар!