Роза Бағланова

Қазақ бұлбұлы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

2022 жылғы 28 ақпанда«Qazaqstan» орталық концерт залында Қазақстанның Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай әншінің эксклюзивті жаңа мүсіні мен оның өмірлік жолын баяндайтын көрменің салтанатты ашылу рәсімі мен баспасөз конференциясы өтті.

Баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Дәуешов Нұрғиса Мұратұлы, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы және Роза Бағланованың ұлы Бағланов Тажен Сатыпалдыұлы сөз сөйледі.

«Былтырдан бері еліміздің әр өңірінде түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бұл салтанатты жиын – іс-шаралар жоспарының бір бағыты ғана. Бүгін бастау алған  «Қазақтың қаһарман қызы» жобасы үлкен апталық іс-шараларға ұласады. Өнер сүйер қауым Роза Тәжібайқызының жаңа мүсінін, осы үлкен көрмені келіп тамашалай алады.

Осы іс-шаралар арқылы бұлбұл әншінің бірегей шығармашылығын, ғибратты ғұмырын, қайраткерлік қасиеттерін көпшілікке насихаттап, өскелең ұрпақ жадында мәңгі сақталуына және уақыт өткен сайын қайта жаңғырып отыруына елеулі үлес қосуды мақсат тұтып отырмыз», — деді Мәдениет және спорт вице-министрі Дәуешов Нұрғиса Мұратұлы.

Жаңа мүсіннің авторы – еліміздегі тұңғыш гиперреалист мүсінші Айдос Есмағамбетов. Жалпы бүгінгі туындылар Роза Бағланованың өнерін жаңа қырынан насихаттауға мүмкіндік береді.

Күміс көмей әншіміздің мерейтойына орай 1 наурыз күні сағат 19.00-де «ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҺАРМАН ҚЫЗЫ» атты салтанатты концерті өтеді.

Концерттік бағдарламада Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Тамара Асар, Ренат Гайсин, Жұбаныш Жексен, Айгүл Қосанова сынды елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен халықаралық конкурстардың лауреаттары өнер көрсетеді.

Бұл  мерейтой республика көлеміндегі іс-шараларға ұласады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қызылорда, Алматы, Мәскеу қалаларында әншінің шығармашылығына арналған мерейтойлық концерттер және Нұр-Сұлтан қаласында «Халық қаһарманы» Роза Бағланова атындағы Халықаралық вокалдық конкурс ұйымдастырылады. Роза Бағланованың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб пәтерінде аталып өтеді.

Қосымша ақпарат:

Роза Тәжібайқызы Бағланова – XX ғасырдың көрнекті әншісі. Аты аңызға айналған әнші қазақтың ән өнерін дамытуға айрықша ауқымды үлес қосты. Қазақ өнерін әлемге таныстырып әрі насихаттай отырып, белсенді гастрольдік қызмет жүргізді. Ол еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін КСРО және Қазақстанның халық әртісі, «Халық қаһарманы» атағына ие болды.

Барлық сұрақтар бойынша:

Нұрсұлтан Қаражан,  +7 7023131191

e-mail: kazauen@inbox.ru