ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҺАРМАН ҚЫЗЫНЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙЫ


ДӘУРЕН АБАЕВ: ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҺАРМАН ҚЫЗЫНЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙЫН РЕСПУБЛИКА ЖӘНЕ ЮНЕСКО КӨЛЕМІНДЕ АТАП ӨТУДІ КӨЗДЕП ОТЫРМЫЗ
 
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай Facebook парақшасында пост жариялады.
 
«Биыл халқымыздың күміс көмей әншісі, КСРО халық әртісі, Қазақстанның «Халық Қаһарманы» Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды.
 
Еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Роза Тәжібайқызы — әншілік өнерімен қатар қоғамдық-саяси өмірге етене араласып, қайраткерлік қырымен де кең танылған тұлға.
Осы орайда қазақтың қаһарман қызының ғасырлық тойын республика көлемінде атап өтуді көздеп отырмыз.
Атап айтқанда, ЮНЕСКО көлемінде Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған мерейтойлық концерт өткізуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек Қызылорда, Алматы, Мәскеу қалаларында әншінің шығармашылығына арналған мерейтойлық концерттер, елордамызда «Халық қаһарманы» Роза Бағланова атындағы Халықаралық вокалдық конкурс ұйымдастыру көзделіп отыр.
Осы іс-шаралар арқылы бұлбұл әншінің бірегей шығармашылығын, ғибратты ғұмырын, қайраткерлік қасиеттерін көпшілікке насихаттап, өскелең ұрпаққа үлгі етуді мақсат тұтып отырмыз», — деді Дәурен Абаев.