Қазақстанның мәдениет күндері аясында Душанбе, Худжанд және Бохтар қалаларында мәдениетаралық байланыстарды кеңейтуді көздейтін бірқатар маңызды іс-шара өтті.
2024 жылғы 20 тамызда Душанбе қаласының «Ватан» кинотетарында Қазақстан киносының ашылуы режиссер Р. Әбдірашевтің алғашқы қазақ хандары туралы сыр шертетін «Алмас қылыш» атты тамаша туындысымен бастау алды.
21 тамызда Т. Собиров атындағы кинотеатрында кеңестік кеңістік тарихында сындарлы және аумалы-төкпелі 1992 жылғы оқиғаны суреттейтін «Набат операциясы» (режиссер Р. Сүлейменов) ұсынылды. Сонымен қатар, осы күні 60, 70, 80-жылдардағы халықтың сүйікті қазақстандық вокалдық-аспаптық ансамбльдердің бірі «Дос-Мұқасан» (режиссер А. Сахаман) фильмі көрсетілді.
21 тамызда Душанбеде Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Мәдениет күндері аясында қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаев бюстінің ашылу салтанаты өтті.
Іс-шарада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, аталмыш шара екі халықтың мәдени ынтымақтастығы үшін маңызы зор екеніне тоқталды.
«Бүгінде Қазақстан мен Тәжікстанды Мемлекет басшыларының достық пен өзара сенімге негізделген күш-жігері ғана біріктіріп отырған жоқ. Тәжікстан астанасы да қазақ халқының даңқты перзентінің тұлғасы тұғырға қонған әлем астаналарының біріне айналады. Бастысы, бұл қадам екі ел өміріндегі маңызды оқиға болуымен қатар, қос халықты жақындастыра түсетін рухани және мәдени байланыстарға тың серпін берері сөзсіз», — деді Аида Балаева.
Абай мүсіні Әбілқасым Фирдауси атындағы мәдениет және демалыс саябағында орнатылған.
22 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндеріне арналған салтанатты концертті тамашалады.
«Кохи Борбад» сарайында өткен гала-концертте Қазақстан мен Тәжікстанның өнер майталмандары, соның ішінде «Аstana Ballet» театрының балет труппасы мен симфониялық оркестрі, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының хоры, Hassak этно-фольк тобы және тағы да басқа шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.
Сахнада қос халықтың танымал музыкалық шығармалары мен әлемдік классика репертуарынан үзінділер орындалып, хореографиялық композициялар ұсынылды.
Бауырлас тәжік халқы Димаш Құдайберген, Айгүл Үлкенбаева, Темірлан Бейсембай (Ratovich), «El Voice» тобы, Фарух Тохтамуратов (Adam) сияқты мәдениет қайраткерлерінің өнерін тамашалады.
24 тамызда Тәжік мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының концерті ұйымдстырылды.
Бұдан бөлек, Ұлттық музейдегі бірегей жәдігерлерден жасақталған қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің көрмесі және отандық кинематографтар түсірген фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылды.
Көрмеге ҚР Ұлттық музейі және Астана қаласы әкімдігінің музейлер бірлестігі дирекциясының қорларынан жәдігерлер ұсынылды.
Көрменің негізін XVIII – XX ғасырлардағы қолданбалы өнердің бірегей заттары құрады. Жұртшылық назарына кілемдер, киізден жасалған бұйымдар, зергерлік өнер туындылары, ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар мен ат әбзелдері ұсынылды. Мақсаты – шетелдік көрерменді қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру.
Танымалды
-
Францияның әйгілі Гиме музейінде «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті
-
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған «Қастерлі Отан – Қазақстан» атты мерекелік концертке барды.
-
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян Арменияның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ашылу салтанатына қатысты
-
«Астана Опера» театрында опера сахнасы жарық жұлдызының мерейтойлық кеші өтті
-
Түрікменстандағы Қазақстан Мәдени күндеріне 3000-нан астам қонақ қатысты