Ұлттың өресі, ақыл-ойы мен парасатының деңгейі ұлы тұлғаларының, дарын қабілетімен дараланған саңлақтарының руханиятта жеткен биігімен өлшенеді. Өнер-білімі ілгері кеткен елдер осындай бірегей тұғырлы тұлғаларын ұлттың ар-ұятына балап жатуы да сондықтан. Тұтас ұлтқа өлшем боларлық бұл қандай деңгей? Оларды көптен оқшауландырып тұрған, ұлтқа ұстын боларлықтай қасиетке ие еткен нендей құдірет? Даралығы мен даналығының сыры неде? Заңғар жазушы, сөз өнерінің саңлағы ұлы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай қаламгер туып-өскен Семей өңірінде таяуда өткізген «Әуезов әлемі» атты салтанатты әдеби-музыкалық кеште біз осы сауалдарға жауап іздеуге тырыстық. Көркемсөз бен көрікті ойдың құдіретіне бас иген, ойлы өнерге сусаған қалың көпшіліктің ұлылықпен тілдесуіне, даңқты суреткердің көркемдік әлеміне бойлауына жол ашуға барымызды салдық.

Қазақтың баға жетпес қа­зынасы – саз өнері мен сөз мұра­сын жинақтап, шып-шырғасын шығармай жұртқа жеткізуді мұ­рат еткен Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамы даңқты қаламгер Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойын атап өтуді Алаштың орталығы болған, жазушының кіндік қаны тамған әйгілі Арқа өңірінен бастап, Семей қаласында өткізуінің де символдық мәні бар. Оның Президент шешімімен бұрынғы Семей облысының қайта қалпына келтіріліп, жаңадан Абай облысы болып құрылуымен орайлас келуі де – игіліктің нышаны. Бұл мерейтойлық салтанатты кеш бір жағынан Абай облысы құрылуының беташары іспеттес іс-шара болды десек те жарасады. Мерейтойлық жиынға еліміздің Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев арнайы келіп, той шымылдығын құттықтау сөзбен ашып берді.

Кемеңгер жазушының дүбір­лі мерекесіне орайластырыла ұйымдастырылған әдеби-музы­калық концертті өткізуде қа­ламгер шығармашылығы мен он­д­ағы өзекті ойларды негізгі желі етіп алдық. Салтанатты кештің басты ерекшелігі де осында.

Кеш басында жазушы өмірі­нен сыр шертетін деректі фильм көрсетіліп, салтанатты іс-шара әрі қарай ән мен күйге ұласты. Мұнда негізінен Мұхтар Әуезовтің өмі­ріне қатысты, ол сүйіп тыңдаған, өзі орындаған әндер мен күйлерге басымдық бердік. Әлемдегі әйгілі тұлғалардың М.Әуезов туралы айтқан сөзде­рін келтіріп, актерлердің қаты­суымен шағын қойылымдар қойдық.

Бұл ретте М.Әуезов тұлғасы­на тағзым етумен бірге, оның өнегесінен тағылым алу, жұрт­шы­лыққа кемеңгер болмысын жаңа қырынан таныту, даналық биігіне үндеу мұрат етілді. Соған сай ұтымды форма тауып, сахна тілі, музыка сазы, әдебиет арнасы арқылы көрермен жүрегіне әсерлі түрде жол табуға тырыстық.

Сонымен Мұхтар Әуезовтің тұлғалық болмысының қалыптасу барысын байыптасақ, оның үш қайнардан бастау алып, нәрленіп кемелденгенін байқаймыз. Оның алғашқысы – қазақтың телегей-теңіз ауыз әдебиеті мен түркі-мұсылмандық діни таным қайнары болса, екіншісі – ұлы Абайдың өнегесі. Ал үшін­ші қазыналы бастау – Батыс мәде­ниеті тудырған мол рухани мұра. Ұлы Мұқаң осынау үш қайнардың қазынасын мейлінше терең игеріп қана қоймай, оны шеберлікпен синтездеп, бірегей рухани өнім тудыра білген. Осы арқылы өзі де шырқау биікке самғаумен бірге, қазақ көркем ойы мен мәдени өресін де сол биікке көтерді. Оған жазушының соңында қалдырған телегей-теңіз еңбегі куә.

Жазушының қазақ ауыз әдебиетінің сан салалы жанрларын қарастырған зерттеулері, проза саласындағы тырнақалды туындылары, әйгілі классиктердің көркем шығармаларын қазақ тіліне аударуы, ұлы Абай шығар­ма­шылығын жан-жақты зерде­леген ғылыми-зерттеу еңбектері жиналып келгенде басты, негізгі мақсатты – Абай кемеңгерлігінің қырын көркемдік тұрғыдан игеруді, ұлылық болмысын сом­дауды, адамдық жолын көпке өнеге етуді көздейді. Қарым­ды қаламгер осынау арманды аңсарын, өзі аманат деп қабыл­даған әдеби ұлы миссиясын артығымен орындап шыққан.

«Зер қадірін зергер біледі» дегендей, ұлы ойшыл, данышпан Абайдың сырына терең бойлап, жұмбағын шеше алған. «Абай жолы» – болашақ қазақ жолы екендігін тиянақтаған.

Салтанатты кеште заңғар жазушы туралы осынау толғамды тұжырымды арқау ете отырып, оны өнер тілі арқылы көпке жеткізуге талпыныс жасалды.

Кез келген халықтың жан дүниесі мен төл дүниетанымын айна-қатесіз беретін құдірет – халық әндері мен күйлері. Әуезов өз ұлтының бітім-болмысын тануда, Абай жұмбағының кілтін та­буда ән-күйге жүгінгенін көзкөр­гендер мен жазушы мұрасын зерттеушілер бірауыздан растай­ды. Осыған орай салтанатты кеш­те шырқалған халық әні «Екі жирен», «Ғайни», «Ахау, Семей!», Қалқаның әні «Қалқа», Ақылбайдың әні, Шәмшінің әні «Ақмаңдайлым», Абайдың әні «Татьянаның хаты», сондай-ақ Құрманғазының күйі «Сарыарқа», Абайдың күйі «Торы жорға» кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұлар – Мұхтар Әуезовтің сүйіп тыңдаған ән-күйлері ғана емес, оның жан дүниесінің терең түкпіріндегі тебіреністері мен арман-аңсарын аңғартатын сырлы әуендер.

Бұларды Қазақстанның ең­бек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Сарина, Еркін Шүкіман, Ерлан Рысқали, Нұржан Жанпейісов, Мәдениет саласының үздігі Сәулежан Тақзия сынды әншілер тамылжыта орындады. Осы ретте кезінде Мұхтар Әуезовтің өзі де Ақылбайдың әнін орындап, оны Күләш Ахметоваға, Ермек Серкебаевқа үйреткенін айта кеткен жөн.

Жан-жақты зерделенген концепцияға негізделген, Әуе­­зов­тің тұлғалық болмысын арқау еткен мазмұнды да мағы­налы кеш Міржақып Дула­тов­тың «Алаш маршы» әні­мен түйінделді. Жүсіпбек Ай­мауы­товтың сөзіне жазылған асқақ рухты әнді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман, «Дала үні» акапелласы және Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің хоры орындады.

Алаш арыстары Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дула­тов, Мұхтар Әуезов ұлы Абай атын иеленген Семейдегі осы салтанатты кеш өткен театр­дың кезінде іргетасын қалап еді. Енді, міне, тәуелсіз елдің азат ұрпақтары солардың есім­дерін ұлықтап жатыр. Қа­зақ мұндайда «орнында бар оңа­лар», «өшкенім жанды, өлгенім тірілді» дейді.

Ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың кіндік қаны тамған киелі топырақ әлі де талай ұлыларды дүниеге келтіреді.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуе­зовтің 125 жыл­дық торқалы тойы биыл елі­мізде кең көлемде аталып өтіп, әрі қарай ұласа береді. Ту­ған жері Семейдің Абай атын­дағы қарашаңырағынан бас­тал­ған мерекелік іс-шаралар саналы ғұмыры өткен, шығар­ма­шылығына шабыт берген Алма­ты қаласында, зеңгір көгінде тәуелсіздіктің туы желбіреген елордада жалғаса бермек.

Ендеше, ақыл, ойды, ке­мең­­герлік пен парасатты, зия­лылықты ұлықтаған сол ме­рекеде бас қосуға жазсын! Ұлылықпен тілдесу, сол деңгей­мен үндесуге бастасын!

Ғалымжан ӨТЕЛБАЙҰЛЫ,

«Қазақ әуендері» АҚ президенті