2025 жылғы 19 мамырда Астанада Мәдениет қызметкерлері форумының ашылуы болып өтті. Іс-шара мәдениет және өнер қайраткерлерінің кәсіби мерекесіне арналды.
Алдағы үш күн бойы музейлердің, театрлардың, кітапханалардың, архивтердің және мәдени-демалыс мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері саланы дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді талқылап, ұсыныстар әзірлейді.
Панельдік сессиялар бір мезетте бірнеше алаңда өтуде. Мәселен, Ұлттық музейде III Қазақстандық музей конгресінің ашылуы болып өтті. Оның негізгі тақырыбы – тарихи-мәдени мұраны сақтау. Жиында сарапшылар теориямен қатар практикалық мәселелерге де назар аударды. Қатысушылар экспонаттарды консервациялау мен реставрациялаудағы басты жетістіктермен танысып, археологиялық артефактілерді сақтау бойынша шеберлік сабағына қатысты.
Осы уақытта концерттік және мәдени-демалыс ұйымдарының өкілдері сахна шеберлігі, режиссурадағы инновацияларға, продюсерлікке және костюмографияға арналған дөңгелек үстелдерге, шығармашылық зертханалар мен мастер-класстарға қатысты.
Өңірлік кітапханалардың басшылары мен мамандары да бас қосты. Олар дамудың заманауи стратегияларын, цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесін талқылады. Күн тәртібінде жасанды интеллектті пайдалану және құжаттық мұраны сақтау секілді мәселелер қозғалды.
Форум аясында «Рухани қазына – 2025» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалі ашылды. Оған қатысу үшін 85 кітапхана, 50 мәдени-демалыс ұйымы және 30 музей өтінім берді.
Құрамында кәсіби мамандар бар қазылар алқасы әрбір өтінімді қарап, 19 номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайды.




Танымалды
-
«Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері марапатталды
-
19–21 мамыр күндері Астанада Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған Мәдениет қызметкерлерінің форумы өтеді.
-
Құрметті достар!
-
Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам Қазақстандағы Вьетнам мәдениеті күндері аясында ұйымдастырылған концертті тамашалады
-
Армениядағы Қазақстан мәдени күндеріне үш мыңнан астам адам қатысты