8 қыркүйек күні Қазақстан астанасында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті. Алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда өткен бұл ойындар әрбір екі жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, алты күнге созылатын биылғы жарысқа 89 елден 2,5 мың қатысушы тіркелген. Жарысқа 560 спорттық ат, 45-ке жуық құс түспек.
Жарысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Венгрия, Моңғолия және Ресей көп спортшы әкелген. Еуропадан Германия, Чехия, Франция елдерінің; Африкадан Гана, Эфиопия, Нигерия, Зимбабве секілді елдердің өкілдері қатыспақ. АҚШ құрамасы көкпар жарысында өнер көрсетпек.
«Астана Арена» стадионындағы театрланған мерекелік шарада қатысушы елдердің құрамалары салтанатты маршпен өтті. Алдымен Қырғызстан құрамасы, одан кейін ағылшын әліпбиі бойынша өзге құрамалар шықты.
Ашылу салтанаты екі сағатқа ұласты. 30 мың адам сыятын «Астана Арена» стадионы лық толды. Жарыстың алдында стадионға жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қонақтар мен қатысушыларға 1600 ерікті қызмет етеді. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр еріктілерге алғыс айтып, қазақ тілінде әзірленген салтанатты сөзін айтуға кірісті.
Одан кейін Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті, Түркия президенті Режеп Ердоғанның ұлы Біләл Ердоған сөйледі. Қазақ тілінде анығырақ сөйлеген Біләл Ердоғанға көрермендер үлкен қошемет көрсетті. Кіші Ердоған көшпенділер ойындарының терең мағынасын атап өтіп, Газа секторындағы қантөгісті тоқтатуға шақырды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін жарысты алғаш ұйымдастырған Қырғызстанға алғыс айтудан бастады.
«Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек», – деді ол.
Ашылу салтанатына Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, сондай-ақ ЮНЕСКО, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы секілді түрлі ұйымдардың басшылары қатысты.
Шараның аяғында танымал әнші Димаш Құдайберген өнер көрсетті.
Танымалды
-
Түрікменстандағы Қазақстан Мәдени күндеріне 3000-нан астам қонақ қатысты
-
Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы мəдениет күндері басталды
-
Түркі әдебиетінің классигіне арналған «Мұхаммед Физули – 530 өлең жолы» кітабының тұсауы кесілді
-
13-14 қыркүйек күндері Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында Димаш Құдайбергеновтың «Stranger» атты жеке концертті өтті
-
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылуы өтті