2024 жылдың 7-10 қазан күндері Ашхабад қаласында өтетін Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы мәдениет күндері аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады.
Ашхабад тұрғындары мен қонақтары осы күндері қазақ кинематографиясымен, музыка өнері және ұлттық дәстүрлерімен терең таныса алады.
Қазақстан киносы күндерінің ашылуы режиссер А. Сатаевтың қазақ хандары туралы сыр шертетін «Ұлы дала таңы» атты тарихи туындысымен басталады. Сонымен қатар, түрікмен жұртшылығына «Паралимпиадашы» фильмі де жол тартады.
Түрікменстан мемлекеттік мәдени орталығының Мукамов сарайында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің «Сарыарқа» атты гастрольдік концерті өтеді.
«Түрікменстан» киноконцерт залында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Saz&Soul: Шекарасыз әуендер» атты гастрольдік концерті ұйымдастырылады.
Негізгі іс-шара 9-шы қазан күні сағат 19:00-де Түрікменстан мемлекеттік мәдени орталығының Мукамов сарайында жоспарланған. Бұл күні Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы мәдениет күндерінің жабылу салтанаты аясында қазақстандық өнер майталмандарының қатысуымен Гала-концерт өтеді. Аталған концертте Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлішер Кәрімов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары: Расул Жармағамбетов, Абылай Тілепберген, Таңат Сәденов және басқалары өнер көрсетеді.
Ұлы ақын Абай Құнанбаев ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі 10 қазанда Ашхабад қаласындағы «Лачын» саябағында өтеді.
Аталған шараға жергілікті зиялы қауым, ғалымдар, жазушылар, дипломатиялық корпус, шығармашылық одақтар, қазақ диаспорасының өкілдері қатысады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Түрікменстан Мәдениет министрлігінің бірігіп ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасындағы Түрікменстанның мәдениет күндері 2024 жылы маусым айында Астана қаласында өткен болатын.
Танымалды
-
«Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері марапатталды
-
Мәдениет қызметкерлерінің форумына 600-ден астам сарапшы қатысты
-
19–21 мамыр күндері Астанада Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған Мәдениет қызметкерлерінің форумы өтеді.
-
Құрметті достар!
-
Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам Қазақстандағы Вьетнам мәдениеті күндері аясында ұйымдастырылған концертті тамашалады