Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысып, салтанатты жиында сөз сөйледі.
Президент ұлтымыздың дүниетанымында әйелдің орны ерекше екенін атап өтіп, сұлулық пен нәзіктік, мейірім мен шапағат – бәрі де әйелдерден бастау алатынын жеткізді.
– Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі. Ұлы Абай айтқан «Толық адамға» тән асыл қасиеттер ұрпақтың бойына ана арқылы дариды. Қазір еліміз дамудың маңызды кезеңіне қадам басты. «Әділетті Қазақстанды» құру үшін ауқымды реформаларды қолға алдық. Ең бастысы, ел ішінде отаншылдық, мемлекетшілдік рух мықты болуы керек. Біз көк байрағымызды биік ұстайтын, білімді, ұлтжанды ұрпақ өсіруіміз керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен Отбасы және гендерлік саясат туралы Жаңа тұжырымдама қабылданғанын, аталған құжат әйелдердің өзін-өзі дамытуына мол мүмкіндік беруге бағытталғанын атап өтіп, әрбір әйел отбасында бақытты, қызметте табысты, қоғамда белсенді болуға лайықты екенін айтты.
Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы «Аруана» үздік әйелдер жобасы байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл марапат әртүрлі салада әлеуметтік маңызы бар жобалармен айналысып, азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген іскер әйелдерге он номинация бойынша табысталды.
Танымалды
-
Францияның әйгілі Гиме музейінде «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті
-
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған «Қастерлі Отан – Қазақстан» атты мерекелік концертке барды.
-
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян Арменияның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ашылу салтанатына қатысты
-
«Астана Опера» театрында опера сахнасы жарық жұлдызының мерейтойлық кеші өтті
-
Түрікменстандағы Қазақстан Мәдени күндеріне 3000-нан астам қонақ қатысты