«Ұлы дала әуендері» атты халықаралық дәстүрлі орындаушылар фестивалі

12.09.2017

2017 жылғы 15 қыркүйекте сағат 19.00-де Астана қаласында «Қазанат» атшабарында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінің жабылу салтанатына орай, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Ұлы дала әуендері» атты халықаралық дәстүрлі орындаушылар фестивалі өтеді .

Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені – «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында құрылған мәдени-туристік және имидждік бірегей жоба болып табылады. Үш ай бойы «Этноауыл» - бұл байырғы заманға саяхаттап, өзін көшпенділер бейнесінде сезініп, өткен жүзжылдықтардың оқиғасын басынан өткеруге жағдай туғызатын нағыз мүмкіндік болды.

«Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінің ресми жабылу күніне «Ұлы дала әуендері» атты Халықаралық дәстүрлі орындаушылар фестивалін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Фестивальдың мақсаты мен міндеті әлемдік цивилизация мәдениетінің дамуына едәуір үлес қосқан қазақ халқының дәстүрлі музыкасын насихаттау, қазақ ұлттық дәстүрлі музыкасының барлық жанрлары мен бағытын, әсіресе, өте сирек кездесетін музыкалық аспаптарды сақтау және дамыту болып табылады. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан тәжірибе алмасу мен дәстүрлі музыканы, сондай-ақ музыкалық фольклорды дамытуға белсенді қолдау көрсету үшін дәстүрлі орындаушыларға қолдайлы жағдай туғызу.

Фестивальға Ерлан Рысқали, Айгүл Үлкенбаева, Әйгерім Нартүйеева секілді қазақтың белгілі жыршы-термешілерімен, күйшілерімен қоса жақын шетелден Назира Токонова \Қырғызстан\, Саламат Аяпов /Қарақалпақстан/ өнер көрсетеді деп күтілуде.

«Этноауыл» кешені Рождественка трассасы 1-үй мекен-жайы бойынша орналасқан. №506 автобусымен келуге болады.