Құрманғазы атындағы республикалық халық аспаптарында орындаушылардың конкурсы
13.06.2017 2017 жылғы 12-16 маусымда Астана қаласында ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Құрманғазы атындағы республикалық халық аспаптарында орындаушылардың конкурсы өтеді.Құрманғазы Сағырбаев – күйші-композитор, қазақ аспаптық музыкасының классигі, дүлдүл күйші. Оның “Сарыарқа”, “Балбырауын”, “Серпер”, “Адай” күйлері отанға деген сүйіспеншілікке толы. Құрманғазы өмір бойы әлеуметтік теңсіздікке қарсы шығып, қарапайым халықтың қамын ойлаған, осы жолда қаншама қуғын көрген. Күйшінің тақырыбы әр алуан, “Сарыарқа”, “Алатау”, “Бұлбұлдын құрғыры” атты күйлері туған жерінің әсемдігін жеткізсе, “Кішкентай”, “Төремурат”, “Адай” батырлардың кейіпін көз алдымызға келтіреді, ал “Қайран шешем”, “Қызыл кайың”, “Кісен ашкан” күйлері күйшінің өз өмірінен нақты сыр шертеді.
Күй атасы Құрмағазы атындағы конкурстың басты мақсаттарының бірі ұлы күйшінің және басқа де халық композиторларының шығармашылығын кеңінен насихаттау, дарынды жас өнерпаздарды анықтау, күй мәдениеті арқылы қазақстандық патриотизм мен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін қалыптастыру және «ЭКСПО-2017» көрмесіне келетін саяхатшыларға ұлттық музыкамызды кеңінен таныстыру болып табылады.
Конкурс «домбыра», «шертер», «қыл қобыз» және «сырнай» номинациялары бойынша өткізіледі. Бұл конкурсқа Қазақстан аумағының музыкалық оқу орындарынан үміткерлері қатысады.
Конкурс Қазақ Ұлттық өнер университетінің орган залында, ал гала-концерті «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінің концерт залында өтеді.



