ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің мәдени ойын-сауықтық және спорттық іс-шараларының аясында «Астана Опера» театрының Үлкен залында «Травиата» спектаклінің қойылымы өтті.

ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің мәдени ойын-сауықтық және спорттық іс-шараларының аясында «Астана Опера» театрының Үлкен залында «Травиата» спектаклінің қойылымы өтті. 08.08.2017

«ЭКСПО» Доминго үшін таңсық көрме еместігін айта кету керек. Осының алдында ол Миландағы көрмені көрді. Ал 1992 жылы өзінің Отаны – Испанияның Севилья қаласында өткен халықаралық шараның мәдени бағдарламасына қатысты. Соған қарамай, Астанадағы көрме әншіні таңғалдырыпты.

«Көрме аумағына келгенде болашаққа енгендей болдым. Бұрынғы көргенімнен мүлде бөлек таңғажайып әлем алдымнан шықты. Бұл – ғылымы дамып, адамзат алға басқан ғаламшар іспеттес әлем. Туристердің жадында мәңгі сақталатын көрмені ұйымдастырдыңыздар. Астананы осы айтулы оқиғамен құттықтаймын» деді мэтр.

«Травиата» операсына келсек, онда Пласидо Доминго Жорже Жермонның партиясын орындайды. Сонымен қатар, аталмыш операда әлемдегі үздік сопранолардың бірі Марина Ребека (Латвия) мен белгілі қазақстандық тенор, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Медет Шотабаев Виолетта мен Альфредтің басты партияларын айтады. Дирижер де осал емес, АҚШ елінен келген атақты маэстро Юджин Кон.

Пласидо Доминго Марина Ребеканы Виолетта партиясын үздік орындаушылардың қатарына қосады. «Травиата» спектаклі атақты әншінің кең ауқымды репертуарынан ерекше орын алатынын айтқан жөн.

«Мен бұл партияны жақсы көрем. Оның ерекшелігі – керемет вокалдық дағдыларды талап етумен қатар, актерлік ойынға ауқымды кеңістік қалдырады. Виолетта бейнесінде түрлі реңк пен сан қырлар кездеседі. Сахнаға әр шыққан сайын кейіпкерім алуан түрлі ке­йіпке енеді. Бірақ не істесе де, үнемі шынайы әрі адал болып көрінеді» деген Марина Ребека маэстро Домингомен көптеген қойылымдарға қатысқанын, содан ерекше тәжірибе алатынын жеткізді.

Ал Виолеттаның ғашығы Альфредтің партиясын орындайтын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев осыған де­йін Италия, Швейцария, Австрия, Словакия, Франция, Бельгия, Нидерланды, Бразилия, АҚШ, Канада және өзге елдерге гастрольмен жиі шығады. Екі жыл Италияның Пезаро қаласындағы Рената Тибальди мен Марио дель Монако атындағы академияда шеберлігін шыңдаған әншінің барлық қырынан Нұрлан Көшеров, Бекен Жылыспаев, Шахимардан Әбілов сынды отандық музыка мамандары мен Марио Мелани, Лео Нуччи сияқты шетелдік маэстролар үлес қосты. Кейбіреулер Медетті «қазақстандық Паваротти» деп те атайды.


G35A8295.jpg

G35A6517.jpg

G35A7941.jpg

G35A6078.jpg


Сілтеме: http://elorda.info/kk/zhanalyqtar/madeniet/talanttardy-togystyrgan-traviata/